21 ақпан күні Қалалық қазақ үдгілі кітапханасында өткен «Дархан дарын иесі» атты әдеби кеш Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлық лауреаты, жазушы, драматург, қаламынан туған таңдаулы шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алған, жазушы, драматург Сәкен сері Жүнісовтің 90 жылдығына арналды.
Сәкен Жүнісов – қазақ прозасы мен драматургиясын өзінің өрісі кең, танымы терең, тағылымы мол көркем дүниелерімен байытқан, қалың оқырманға «Ақан сері» атты тарихи дилогиясымен, «Жапандағы жалғыз үй» романымен, «Өшпейтін іздер», «Өткен күндер белгісі», «Заманай мен Аманай» тәрізді елі сүйіп оқыған талантты прозалық шығармаларымен, сондай-ақ «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Қысылғаннан қыз болдық», «Қос анар», «Өлі ара» т.б. республика театрларының репертуарын байытқан ондаған драмалық туындыларымен кең танылған қаламгер.
«Туған өлке» жобасы аясында ұйымдастырылған кештің мақсаты – Сәкен Жүнісовтің шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттап, сол арқылы олардың бойларына туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін ояту, жастарды әдебиетті сүюге, қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығына қызығушылық оятуға баулу.
Шараға әдебиеттанушы ғалым, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология факультетінің оқытушысы Ерболат Баят, Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры, қарымды қаламгер, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев, Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледждің кафедра меңгерушісі Бейсембина Айнагүл, және де осы оқу орнының студенттері және де кітапхана оқырмандары қатысты.
Кеш барысында ақын, жазушы Ерболат Баятұлы Жүнісовтың өмірі мен шығармашылығы жайында, сегіз қырлы бір сырлы өнерлі таланты, шығармашылық қарымы, қадір қасиеті және ішкі жан дүниесінің сұлулығы жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Әдеби кеште қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Серік Сапарұлы жазушының шығармаларының маңызы мен ерекшеліктеріне кеңінен тоқталып, қаламгердің қай шығармасы болса да, әрқайсысы жеке – жеке арнайы сөз етуге тұратын халық өмірінің көркем шежіресі іспетті қомақты дүниелер екендігі жайында әңгіме өрбітті.
Бұдан әрі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің студенттері Сәкен сері Жүнісовтің шығармаларынан үзінді оқып, өз ойларымен бөлісті. Кітапхана қызметкерлерімен Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырған Дара тұлғаның – дара жолы» атты бұрыш ұйымдастырылып, оқырман қауымға ұсынылды. Сәкен Жүнісовтің озық туындылары халқының рухани қазынасына айналып, уақыт өткен сайын соны қырынан танылып, жаңа да жас оқырманын тауып, болашақ ұрпақтармен бірге жасай берері сөзсіз.
Мақаланың шыққан күні: 21.02.2024
Қаралым саны: 3364
Мекен–жайы:
Көкшетау қаласы, Потанин көшесі, 53 үй
Жұмыс уақыты:
Дс-Жм: 10:00-19:00
Сн: 10:00-18:00
Жк: Демалыс күн
Телефон:
8 (7162) 50-31-21
E-mail:
mbo_gibs_kokshetau@mail.ru