8 тамыз күні «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» тақырыбында әдеби-сазды поэзия сағаты өткізілді. Шара «Белсенді ұзақ өмір» орталығының акт залында өткізілді.
Мақсаты:Абай өлеңдері мен поэмаларының идеясын ашып, рухани-адамгершілік қағидалары туралы ой қозғау. Абайдың бай шығармашылығын оқырман қауымның жүрегіне терең бойлатып, жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілту, хакім Абай мұрасын насихаттау.
Шараға Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ШияпАлиев, «Белсенді ұзақ өмір» орталығының директоры Бақыт Смағұл, «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов, «Қоғамдық келісім» КММ-сінің басшысы Қуаныш Шақшақов, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев және зиялы қауым өкілдері, әдебиет сүйер оқырман қауым, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледж студенттері мен Көкшетау қаласы мектептерінің «Абай оқулары» сайысының жүлдегерлері қатысты.
Шара барысында әдебиетсүйер қауым арасында Абай мұрасының танымдық-тағылымдық мәні зерделеніп, ағартушының өмірі мен шығармашылығы насихатталды, қара сөздері туралы әңгіме өрбіді. Жастар адамзатқа ортақ терең ой-парасатты жария еткен дара да дана тұлғаның сарқылмас мұрасымен, тарихтың айшықты рухани құндылықтарымен қауышты. Абайдың өлеңдері оқылып, олардың мәні мен қазіргі замандағы өзектілігі талқыланады. «Белсенді ұзақ өмір» орталығының қызмет алушылары Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін, Әбділ Әдейдің орындауында «Көзімнің қарасы» әні шырқалып, қатысушылар ерекше әсерге бөленді.
«Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты кітап көрмесінде кітапхана қорындағы ақынның сан алуан шығармалары, өлең жинақтары, қара сөздері, «Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалар» екі томдығы, шетел тілдерінде шыққан Абайдың шығармалары, кемеңгер туралы жазушылардың еңбектері, ғұмырнамалық зерттеулер, ақын шығармашылығы туралы монографиялар, дерекнамалық еңбектер енгізілген «Абай Құнанбаев» 10 томдық жинағы, «Абайтану» көптомдығы және тағы басқа туындылар ұсынылды.
Мақаланың шыққан күні: 08.08.2025
Қаралым саны: 938
Мекен–жайы:
Көкшетау қаласы, Потанин көшесі, 53 үй
Жұмыс уақыты:
Дс-Жм: 10:00-19:00
Сн: 10:00-18:00
Жк: Демалыс күн
Телефон:
8 (7162) 50-31-21
E-mail:
mbo_gibs_kokshetau@mail.ru