8(7162)50-31-21

Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі» КММ

Бiздiң Қалалық ақпараттық
кiтапхана жүйесiнiң сайтына
қош келдiңiз!

«Кiтап дегенiмiз — алдыңғы
ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған
рухани өсиетi.
Кiтап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан
да тиылар едiк»
Ғабит Мүсiрепов

KÓKShETAÝ QALASYNYŃ QR-ELEKTRONDY KITAPHANASY

«Бір атаның балалары»

25 ақпан күні Электронды қалалық кітапханада қазақ халқының алдаспаны, Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына орай «Бір атаның балалары» атты тақырыпта әдеби-life өтті. Іс-шараның мақсаты: Ұлтымыздың үлкен жүректі перзенті, классик жазушы, жаратылысы бөлек, халықтың арда ұлы, ұлтын ұшпаққа шығаруға ұмтылудан шаршамаған ұл, Алаш руханиятының алдаспаны, сөзді әлемнің кіндігі санаған Мұхтар Мағауиннің саналы ғұмыры мен қаламының сырын түсіну, ұғыну, көкейге түю. Мағауиннің көмейі мен көкейіне Тәңір Тағаласы киіз туырлықты халқының даңқын да, алдаспан ақылын да салған. Жазуы жүректегі жүгі, арқалағаны аманат еді. Оның қаламында қадым заманғы бабалар үні, ақсақалдар сыны, біз ұмытқан тарамды тағдыр ізі бар еді. Абай атасының киесі қонған ірі қазақ. Ойы да, сойы да біздің советтік қоғамға сыймай, тарымай кетті. Талантынан талабы озды. Қаламы тек ақиқатты жазды. Мұхтар Мағауин – қазақтың перзенті, Халық жазушысы, ұлттың рухани шежіресін кең ауқымда зерттеген сөз зергері. Әдебиет әміршісі, тарих тамыршысы болған алдаспан жазушының өмірі, 26 томдық шығармалар жинағы, әр сөзінің, әр әңгіме, хикаят, романдарының астарындағы терең ойды түсіну – бүгінгі күннің еншісінде. Іс-шара барысында Мұхтар Мағауиннің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетіліп, қатысушылар жазушының әдеби мұрасы жайлы терең мағлұмат алды. Жиналған қауым «Бір атаның балалары» повесінің мазмұны мен маңызын талқылап, шығармадағы кейіпкерлердің тағдыры мен автордың идеясы туралы пікір алмасты. «Алдаспан», «Аласапыран», «Жармақ», «Сары қазақ», «Қобыз сарыны» және т.б. романдары мен әңгімелерінің жазылу барысы, айтар ойы, кесімді пікірлері мен орамды сөйлемдерінің астарындағы пәлсапаға ден қойды. Әсіресе «Мен» атты хамсалық-эпистолярлық романындағы Мұхтар, «Алтын дәптер» бетіндегі нобайлар ерекше шабыттандырды. Сонымен қатар, жазушының қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі, оның шығармаларындағы ұлттық болмыс пен тарихи тақырыптардың көрінісі жайлы әңгіме өрбіді.    Мұхтар Мағауиннің кез келген туындысы сол дәуірдің тілінде сөйлейді. Шедевр! Бұл әдеби-life кеші Мұхтар Мағауиннің шығармашылығын жаңа қырынан танып, оның рухани мұрасын насихаттауға үлкен үлес қосты. Арыстандай аруақты атамыз әр сағатын, әр күнін, күллі ғұмырын есеппен жұмсап, ұлт үшін мол мұра қалдырды. Күллі қазақты алып құшағына сыйдырған жазушы сырт жерде мәңгілік өміріне аттанып кетті. Көзі тірі болғанда еліне келіп, 85 жылдығын мерейтой қылар ма еді? Бәрі бір Алланың қолында. Біздің жұмыс: «Құмырсқа қырғын» әңгімесінен бастап, шетінен кеміру.

Электронды қалалық кітапхананың меңгерушісі
Нұрлан Олжабайұлы

Мақаланың шыққан күні: 26.02.2025

Қаралым саны: 904

Біз әлеуметтік желідеміз