8(7162)50-31-21

Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі» КММ

Бiздiң Қалалық ақпараттық
кiтапхана жүйесiнiң сайтына
қош келдiңiз!

«Кiтап дегенiмiз — алдыңғы
ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған
рухани өсиетi.
Кiтап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан
да тиылар едiк»
Ғабит Мүсiрепов

KÓKShETAÝ QALASYNYŃ QR-ELEKTRONDY KITAPHANASY

«ӨМІРІН ӨРГЕН ӨЛЕҢМЕН»

«Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасында белгілі ақын, қарымды қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Құрмет орденінің иегері Қорғанбек Ғалымтайұлы Аманжолдың 70 жылдық мерейтойына орай   «Өмірін өрген өлеңмен» тақырыбында әдеби сағат өткізілді.

Шара мақсаты жастарды жерлес ақтаңгер ақын әрі жазушы, ардагер журналист Қорғанбек Аманжолдың кесек туындыларымен, шығармашылығымен таныстырып, оқырмандардың бойына ақын жырларының құдіретін сезінту, тіл шұрайын таныту, поэзия әлемінен   сыр ұқтырып, адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру болып табылды.

Шараға Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы ақын, жазушы Серік Жетпісқалиев, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, әдебиеттанушы, PhD философия докторы, ақын, жазушы Ерболат Баятұлы, «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, ақын Қайырбай Төреғожа, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі Қалымбек Мұхамеджанов және Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов пен Мәдениет саласының ардагері Орынтай Жүсіпалина қатысты.

Әдеби сағатта қонақтар оқырмандармен жүздесіп, жастарға есімі бүгіндері дүйім қазақ жұртына кеңінен таныс мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығы, өнер өресі жайлы тарқатып сыр шертті.

Сазгер, Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов ақынның өлеңіне жазған әндерінің шығу тарихымен таныстырып, «Зеренді қарағайлары», «Ана тілі» әндерін нақышына келтіре орындады. Көкшетау университеті жанындағы Шоқан Уалиханов атындағы көпсалалы колледжінің студенттері   ақынның «Отан туралы ой» өлеңін, қаламгердің мерейлік жасына арналған Ғалым Жайлыбайдың «Зеренді қарағайы», Әбубәкір Қайранның «Ол кәдімгі Қорғанбек Аманжолов» туындыларын мәнерлеп оқыды.   Өнер мен әдебиет хақындағы ой-толғамдары жазылған «Біржан бұрмалары» кітабының кейіпкері Орынтай Мүссәләмқызы Жүсіпалина әннен шашу шашты.

Қатысушылар назарына «Зерендінің зерегі, құйылып тұрар өлеңі» тақырыбындағы кітап көрмесі ұсынылды.

Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Серік Сапарұлы шараны қорытындылап, кітапханамен үздіксіз шығармашылық ынтымақтастықта жұмыс істеп жүрген Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Эльмира Жұмағұловаға алғыс хат табыстады.

Мақаланың шыққан күні: 28.11.2023

Қаралым саны: 948

Біз әлеуметтік желідеміз