«Қазақстанның үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк»
Құрметтi қазақстандықтар!
Мен Қазақстан халқына жаңа дәуiр қарсаңында сөз арнап отырмын.
Елiмiз өзiнiң 25 жылдық даму кезеңiнен абыроймен өттi. Бiз елiмiздi мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетiстiктерiмiз туралы Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдық мерейтойында атап өттiк. Оларды бүкiл әлем бiледi және жоғары бағалайды.
2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң мүшесi болды.
Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесi өтедi. Мұндай өте маңызды әлемдiк деңгейдегi iс-шараны бiз ТМД және Орталық Азия елдерiнiң арасында бiрiншi болып өткiземiз.
Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындары өтiп жатыр. Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация мүшелерi қатысуда.
Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетедi.
Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегi ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттiң қатарына қосылуға тиiс. Бiз осы мақсатқа қарай табандылықпен iлгерiлей беремiз.
Жаһандық бәсекелестiктiң өсуi және әлемдегi тұрақсыздық жағдайында, 2012 жылы халқыма ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясының өзектiлiгi арта түседi. Бiз қиындықтарды уақтылы болжай алдық.
«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесiнде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңiнен лайықты өтiп келемiз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында бiз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсiмдi және бизнестi қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкiндiк бердi.
Нәтижесiнде, 2016 жылы бiз iшкi жалпы өнiмнiң 1% өсiмiн қамтамасыз еттiк. Бұл қазiргi күрделi жағдайда айтарлықтай маңызды.
Әлем қарқынды түрде өзгерiп келедi.
Бұл — жаңа жаһандық болмыс, оны бiз қабылдауға тиiспiз.
Қымбатты отандастар!
Болашағын айқындап, сын-қатерлердi күтiп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңiске жетедi.
Әлемде кезектi, Төртiншi өнеркәсiптiк революция басталды.
Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келедi. Бiздiң көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерiстер — әрi тарихи сын-қатер, әрi Ұлтқа берiлген мүмкiндiк.
Бүгiн мен Қазақстанды Үшiншi жаңғырту жөнiнде мiндет қойып отырмын. Елдiң жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ететiн экономикалық өсiмнiң жаңа моделiн құру қажет.
Қазiргi кезде көптеген елдер осындай мiндеттi орындауға ұмтылуда. Өсiмнiң жаңа моделiне көшу тәсiлi әр жерде әр түрлi екенiне сенiмдiмiн. Бiз өзiмiздiң мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылында бiрге қалыптастырған әлеуетiмiздi жоғалтып алмауымыз керек қой.
Қазақстанның Бiрiншi жаңғыруы бәрiмiздiң есiмiзде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кезде бiздiң буын iргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрды.
Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Бiздiң бәрiмiз бiрлесiп, сол кезде елiмiздi күйреуге, азамат соғысына, экономикалық күйзелiске ұшыратпағанымыз мен үшiн өте маңызды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетiстiктерге қол жеткiздi.
Екiншi жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда — Астананың салынумен басталды. Оның нәтижелi болғаны дау тудырмайды. Елiмiз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегi экономикасы бәсекеге қабiлеттi 50 мемлекеттiң қатарына кiрдi.
Табысты өткен екi жаңғыру арқылы баға жетпес тәжiрибе жинақтадық. Бiз ендi алға батыл қадам басып, Үшiншi жаңғыруды бастауға тиiспiз.
Бұл жаңғыру — қазiргi жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенiмдi көпiр болмақ. Ол Ұлт жоспары — «100 нақты қадам» базасында өткiзiледi.
Мен оның бес негiзгi басымдығын көрiп отырмын. Олар экономиканың әлемдiк өсiмiнiң орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдiң қатарына қарай тұрақты түрде iлгерiлеуге лайықталған.
Бiрiншi басымдық — экономиканың жеделдетiлген технологиялық жаңғыртылуы.
Бiз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиiспiз. Бұл — маңызды кешендi мiндет.
Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильдi банкинг, цифрлық қызмет көрсету секiлдi денсаулық сақтау, бiлiм беру iсiнде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазiрдiң өзiнде дамыған елдердiң экономикаларының құрылымын өзгертiп, дәстүрлi салаларға жаңа сапа дарытты.
Осыған орай, Үкiметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзiрлеудi және қабылдауды тапсырамын.
Бiздiң заңнамамызды жаңа жағдайға бейiмдеу керек.
Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетiмдiлiктi де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпiн бередi. Сондықтан Үкiмет IТ саласын дамыту мәселесiн ерекше бақылауда ұстауға тиiс.
Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндiрiске тезiрек енгiзу болып саналады.
Үкiметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бiрiнiң базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркiн құруды тапсырамын. Ол әлемнiң барлық елiнен кәсiпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиiс. Бұл үшiн тиiстi инфрақұрылым және салық жеңiлдiктерiн, оңайлатылған виза мен еңбек режiмiн қоса алғанда, қолайлы жағдай керек.
Бiз жоғары оқу орындары, Назарбаев Университетi және «Алатау» иннновациялық технологиялар паркi базасында өзiмiздiң ғылыми және инновациялық әлеуетiмiздi дамытуымыз керек.
Екiншi кешендi мiндет. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлi базалық салаларды дамытуға серпiн беруiмiз керек.
Бұл — өнеркәсiп, агроөнеркәсiптiк кешен, көлiк пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар.
Бiрiншi. Еңбек өнiмдiлiгiн айтарлықтай арттыру керек.
Бұл жердегi негiзгi фактор Төртiншi өнеркәсiптiк революция элементтерiн жаппай енгiзу болуға тиiс.
Бұл — автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәлiметтер» алмасу, тағы басқа мiндеттер.
Үкiметке бизнес өкiлдерiмен бiрге 2025 жылға дейiн базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешендi шараларын әзiрлеудi тапсырамын.
Екiншi. Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабiлеттi экспорттық өндiрiстi дамытуды көздейтiн индустрияландыруды жалғастыру керек.
Үкiмет алдында қазiрдiң өзiнде 2025 жылға қарай шикiзаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту мiндетi тұр.
Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшiн экспортты дамыту мен iлгерiлету тетiктерiн бiр ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бiр терезе» қағидаты бойынша өңiрлерде де қолдау көрсету керек.
Үкiмет жанынан Экспорт саясаты жөнiндегi кеңес құруды тапсырамын. Оған бизнес қоғамдастығының өкiлдерi кiруге тиiс.
Биылғы 1 қыркүйекке дейiн Үкiмет әкiмдермен және бизнес өкiлдерiмен бiрлесiп, Бiрыңғай экспорт стретегиясын әзiрлеуi керек.
Қазақстан шетел инвестицияларын тарту iсiндегi көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиiс.
Бiз тауар өндiру мен өткiзу, қызмет көрсету iсiн жаһандық желiге бейiмдеуiмiз керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн.
Қазақстанда өндiрiстер ашу жөнiндегi Қытаймен бiрлескен инвестициялық бағдарламаны тиiмдi жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткiзiлдi. Нысандар белгiлендi. Нақты жұмыс iстеу қажет.
Бұл қазақстандықтар үшiн 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндiрiс болмақ. Қазiр 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба iске қосылды. Соның бiрi — гибридтiк және толықтай электрлi JAC автомобильдерiн iрi құрылғылардан құрастыратын зауыт.
Қажеттi инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескерiп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндiрiсiн одан әрi дамыту мәселесiн пысықтауды тапсырамын.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Инвестициялық стратегиясы болуға тиiс. Үкiмет оны биылғы 1 қыркүйекке дейiн әзiрлеуi керек.
Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделердi қорғап, iлгерiлету қажет. Бұл, ең алдымен, ЕАЭО, ШЫҰ iшiнде Жiбек жолы Экономикалық белдеуiмен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшiн экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет.
Үшiншi. Экономикалық өсiмнiң тұрақтылығы үшiн елдiң тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендерi өзiнiң стратегиялық маңызын сақтауға тиiс.
Әлемдiк сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнiм жеткiзу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикiзаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиiс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсендi жүргiзу керек.
Бұл салаларды одан әрi дамыту iсi шикiзатты кешендi түрде қайта өңдеудi тереңдете түсумен берiк ұштастырылуы тиiс.
Жыл соңына дейiн Жер қойнауы туралы жаңа кодекстi қабылдап, салық заңнамаларына қажеттi өзгерiстер енгiзудi тапсырамын.
*****
Төртiншi. Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверiне айналуы керек.
Қазақстанның агроөнеркәсiп кешенiнiң болашағы зор.
Көптеген позициялар бойынша бiз әлемде iрi аграрлық экспорттық өнiм өндiрушiлердiң бiрi бола аламыз. Бұл, әсiресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» брендi сондай өнiмдердiң эталоны болуға тиiс.
Сонымен қатар, астық өнiмдерi бойынша бiз Еуразияда «нан кәрзеңкесi» болуымыз керек. Шикiзат өндiрiсiнен сапалы өңделген өнiм шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана бiз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабiлеттi бола аламыз.
Осы мақсаттарға қол жеткiзу үшiн Үкiмет пен әкiмдерге мынадай тапсырмалар беремiн:
бiрiншiден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, бiртiндеп өнiмдi сақтандыруға көшу қажет;
екiншiден, бес жыл iшiнде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлердi кооперативтерге тартуға мүмкiндiк беретiн жағдай жасау керек;
үшiншiден, өнiмнiң өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткiзудiң тиiмдi жүйесiн құру қажет;
төртiншiден, еңбек өнiмдiлiгiн белсендi түрде арттырып, өндiрiс шығындарын төмендету керек;
бесiншiден, жердi пайдалану тиiмдiлiгiн арттыруға тиiспiз. Суармалы егiс алаңын 5 жыл iшiнде 40%-ға кеңейтiп, 2 миллион гектарға жеткiзу қажет;
алтыншыдан, өндiрiсте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемiн арттыру керек.
Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлiк тауары экспортын 40%-ға көбейтудi тапсырамын.
Бұл мiндеттер агроөнеркәсiп кешенiн дамытудың жаңа мемлекеттiк бағдарламасы аясында iске асырылуы қажет.
*****
Бесiншi. Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту — маңызды басымдықтардың бiрi.
Оған қазiрдiң өзiнде қомақты инвестиция жұмсалды. Ендi одан экономикалық қайтарым ала бастау қажет.
Үкiметке 2020 жылға қарай транзиттiк тасымалдың жылдық көлемiн:
- контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшiн 7 есе — 2 миллион контейнерге дейiн;
- жолаушыларды әуе көлiгiмен тасымалдауды 4 есе — 1,6 миллион транзиттiк жолаушыға дейiн арттыруды тапсырамын.
Транзиттiк тасымалдаудан түсетiн табысты 5,5 есе — жылына 4 миллиард долларға дейiн көбейту қажет.
2015 жылы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын ұсындым. Өткен 2 жыл iшiнде бағдарлама өзiн толық ақтады.
Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргiзiледi. Жыл соңына дейiн соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға берiлiп, кезең-кезеңiмен ақылы жүйе енгiзiледi.
Елiмiздiң көлiк және транзит әлеуетiн толық ашу үшiн көршi елдермен үйлесiмдi iс-қимыл қажет. Жүктердiң еркiн транзитiн, көлiк дәлiздерiн құру мен оларды жаңғырту iсiн қамтамасыз ету керек. Көлiк инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейiн арттыруға және әкiмшiлiк кедергiлердi жоюға ерекше көңiл аудару қажет.
Транскаспий дәлiзi бойынша тасымалдау көлемiнiң ұлғаюына байланысты Құрық портын салудың екiншi кезеңi — автомобиль өткелi құрылысын iске асыруға кiрiсу қажет.
Алтыншы. Урбанизация үдерiсi құрылыс секторын дамыту қажеттiгiн алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверiне айналуға тиiс.
Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, бiз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейiн сыртқы және технологиялық келбетiн айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндiру саласына да жаңа технологияларды енгiзу керек. Ол үшiн бiзде қазiр жақсы мүмкiндiктер бар.
Менiң тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы iске асырыла бастайды. Ол аса маңызды мiндеттi орындауға — алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешендi шаралары көрiнiс тапқан. Соның бiрi — «Даму» акционерлiк қоғамы арқылы мемлекеттiң субсидия беруi есебiнен құрылыс салушылар үшiн банк несиесiн арзандату. Тұрғындар үшiн «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлiк қоғамы арқылы банктер беретiн ипотекалық несиенi субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» салымшылары үшiн әкiмдiктердiң несиелiк тұрғын үй салуы жалғасады. Оған iлгерiде бөлiнген қаржы «револьвер» қағидаты бойынша қайта пайдаланылады.
Әкiмдiктер халықтың әлеуметтiк әлсiз топтары үшiн сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй бөлу iсiн дамыта беретiн болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшiн әкiмдер тиiстi жер телiмдерiн бөлуге тиiс.
Бiз қалаларда жеке тұрғын үйлердiң бiрыңғай сәулет стилiнде салынуына мән беретiн боламыз. Бұл үшiн мемлекет қажеттi инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетедi.
Үкiмет әкiмдермен бiрлесiп, үлкен қалалардың iргелес орналасқан елдi мекендермен көлiк байланысын дамыту жөнiнде шаралар қабылдауы қажет.
Үшiншi кешендi мiндет — еңбек нарығын жаңғырту.
Жаңа технологиялардың енгiзiлуiне байланысты дәстүрлi салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бiрге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсiрудiң қосымша мүмкiндiгi болуға тиiс.
Үкiмет пен әкiмдерге еңбеккерлердiң басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшiн жағдай жасауды тапсырамын.
Бiздiң iрi кәсiпорындар әкiмдiктермен бiрлесе отырып, тиiстi жол карталарын әзiрлеуi керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрi қарай жұмыспен қамту үшiн бiрлесiп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күшi бар өңiрлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшiн ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек.
Үкiмет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкiл елдi мекендерде бiрыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет.
Екiншi басымдық — бизнес-ортаны түбегейлi жақсарту және кеңейту.
Бiздiң стратегиялық мақсатымыздың бiрi — елдiң iшкi жалпы өнiмiндегi шағын және орта бизнестiң үлесi 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.
Бұл — өте өршiл мақсат, бiрақ оған қол жеткiзуге болады. Оны орындау үшiн қазiргi кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет.
Бiрiншi. Менiң тапсырмам бойынша Үкiмет биылдан бастап Нәтижелi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасын iске асыруға кiрiсiп кеттi.
Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесiн жүргiзу үшiн ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейiн шағын несие ала алады.
Шағын несие беру аясын кеңейтiп, кәсiпкерлерге кепiлдiк жасау және қызмет көрсету тетiктерiн белсендi пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргiзу және қаржылық сауаттылыққа үйрету iсiн ұйымдастырумен қатар атқару керек.
Жаппай кәсiпкерлiктi қолдау тетiктерiн одан әрi жетiлдiру керек. Қазақстанның әр өңiрi жаппай кәсiпкерлiктi, соның iшiнде отбасылық кәсiпкерлiктi дамыту бағытында кешендi шаралар ұсынуға тиiс.
Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны — бұрынғыша Үкiмет пен әкiмдер қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың негiзгi критерийiнiң бiрi болмақ.
Екiншi. Үкiмет «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасымен (ҰКП) бiрлесiп, бизнестiң барлық шығынын жаппай азайту жөнiнде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсiресе энергетика, көлiк және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты.
Мемлекеттiк қызметтер көрсету үдерiсi мейлiнше оңтайландырылуға тиiс. Құжаттардың мерзiмi мен тiзбесiн қысқартып, қайталанатын рәсiмдердi жою керек. Бұл орайда адамның өзiнiң баруын қажетсiнбейтiн толық электрондық форматқа көшiру керек.
Сондай-ақ, бизнестiң қазiргi қолданыстағы реттеушiлiк жүктемесi өсiмнiң жаңа моделiн жасау мiндетiмен үйлеспейдi.
Үкiмет пен әкiмдерге биылғы 1 шiлдеге дейiн бизнестi қайта реттеу жөнiндегi жүйелi шаралар әзiрлеу мiндетiн жүктеймiн.
Дамыған елдердiң озық стандарттары мен тәжiрибесiн енгiзу керек.
Бұл жұмысты әсiресе өңiрлiк деңгейде атқару маңызды.
Әкiмдер Үкiметпен бiрлесiп, Дүниежүзiлiк банк рейтингi негiзiнде өңiрлерде бизнес жүргiзу үшiн жағдайды жақсарту жөнiнде нақты жоспарлар әзiрлеу керек.
Елiмiзде бизнес жүргiзудi жеңiлдету жөнiнен өңiрлер мен қалалар рейтингiн енгiзу қажет. Бiз үздiктер үшiн арнаулы сыйлық тағайындаймыз. Оны жылына бiр рет, Индустрияландыру күнiнде табыс етемiз.
Үшiншi. Мемлекеттiң экономикадағы үлесiн iшкi жалпы өнiмнiң 15%-ына дейiн, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерi деңгейiне дейiн төмендету экономикалық өсiмге тың серпiн беруге тиiс.
Бұдан бұрын 2020 жылға дейiн жекешелендiрiлетiн 800-ге жуық кәсiпорынды қамтитын тiзбе жасалған болатын. Тиiстi жұмыстар атқарылуда.
Үкiметке сол тiзбедегi кәсiпорындарды жекешелендiрудi тездетiп, оны 2018 жылдың соңына дейiн аяқтауды тапсырамын.
Iрi компанияларымызды IРО-ға дайындау және оған бейiмдеу iсiн де жеделдету керек. Yellow Pages қағидаттарын енгiзу мемлекет үшiн экономикадағы қызмет түрлерiн 47%-ға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкiндiк бердi.
Келесi кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтiн мемлекет меншiгiндегi барлық кәсiпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейiн жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсiпорындар саны бiрнеше мың болады.
Әрбiр бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжiрибесi бұдан былай тоқтатылуға тиiс.
Жекешелендiрудiң жариялылығы мен тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ мемлекеттiк холдингтер рөлiн қайта қарастыру керек.
Үкiметке «Самұрық-Қазына» холдингiн сапалы түрде трансформациялау iсiн жүзеге асыруды тапсырамын.
Басқарушылық және өндiрiстiк бизнес үдерiстерiн толық ревизия мен оңтайландырудан өткiзу қажет. Нәтижесiнде ол тиiмдiлiгi жоғары, жинақы және кәсiби холдингке айналуға тиiс. Менеджмент пен корпоративтi басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткiзу керек.
Мемлекетке қандай маңызды секторларда, қатысу үлесiнiң қандай мөлшерiмен және не қалдыратынымызды нақты анықтап алуымыз керек.
Табиғи монополияларды және стратегиялық маңызы бар, соның iшiнде Трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды iске асыру мiндетiн мемлекетке қалдыру керек. Бұл жобалар мультипликативтi нәтиже беруге тиiс.
«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерiн де қайта құру қажет. Олар мемлекеттiк даму бағдарламаларын iске асыру жөнiндегi операторлар болуға тиiс. Соған орай олардың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенiң барлығы бизнеске берiлуi қажет.
Сондай-ақ, оларға бағдарламаларды iске асыру үшiн мемлекеттiк емес қаржы көздерi арқылы қор қалыптастырумен айналысу керек.
Төртiншi. Кәсiпкерлiктi дамытуға мемлекет-жекеменшiк серiктестiгi аясын кеңейту зор мүмкiндiк бередi. Бұл жерде әңгiме бiрқатар мемлекеттiк қызметтер көрсету мiндетiн бизнеске беру iсiне қатысты болып отыр.
Бiзде қазiрдiң өзiнде оларды мектепке дейiнгi бiлiм беру iсiне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшiк сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшiк балабақшалардың ең көбi Оңтүстiк Қазақстан (397), Алматы (221), Қызылорда (181) облыстарында ашылды.
Мен үшiн осы сектордағы мемлекет-жекеменшiк серiктестiгiнiң үлгiсi өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық мiндеттердiң бiрi — 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейiнгi бiлiм берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесiн мемлекет пен бизнес бiрлесе шешiп отырғанын көрсетедi.
Мемлекет-жекеменшiк серiктестiгiн дамыту әкiмдердiң нақты және кәсiби жұмысына байланысты.
Жекеменшiк капитал тарту үшiн мемлекет-жекеменшiк серiктестiгiнiң ықтимал барлық түрi мен нысанын пайдалану қажет. Олар — мемлекеттiк мүлiктi сенiмдi басқару, қызмет көрсету келiсiмшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келiсiмнiң барлық рәсiмдерiн, әсiресе шағын жобаларға қатысты рәсiмдердi мейлiнше жеңiлдету және жеделдету қажет.
Мемлекет-жекеменшiк серiктестiгi инфрақұрылымды, соның iшiнде әлеуметтiк инфрақұрылымды дамытудың негiзгi тетiгiне айналуға тиiс.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту үшiн бұдан әрi жекешелендiру мүмкiндiгiн қарастыра отырып, басқаруға және концессияға беру қажет. Үкiмет бiр орынды шиырлай берудi доғарсын. Бұл бағытта жұмысты жандандыра түсу керек.
Бесiншi. Баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу қажет.
Үкiметке «Атамекен» ҰКП-мен бiрлесiп, бәсекелестiкке кедергi келтiретiн нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды тапсырамын.
Үшiншi басымдық — макроэкономикалық тұрақтылық.
Мұндағы басты мiндет — ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлiн қалыпқа келтiру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшiк капитал тарту.
Бiрiншi. Бүгiнде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режiмiн дамыту жөнiндегi маңызды мiндет тұр. Орта мерзiм iшiнде инфляция деңгейiн кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейiн төмендетуге қол жеткiзуiмiз керек.
Екiншi. Елiмiздiң қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет.
Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтiру жөнiнде шаралар кешенiн әзiрлеудi тапсырамын. Банктердiң балансын тиiмсiз несиелерден арылту жұмысын жеделдетiп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердiң ахуалына жедел бақылау орнату үшiн Ұлттық банкке көбiрек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердiң қателiк жiберуiн күтпей, оларға ықпал ететiн шаралар қабылдау үшiн формальдi көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтiн қадамдарға көшуге тиiс.
Сондай-ақ, аудиторлық компаниялардың жауапкершiлiгiн арттырып, акционерлердiң ашықтығын қамтамасыз ету, ұжымдық басқаруды жақсарту қажет. Осының бәрiн заңнамалық деңгейде бекiту керек.
Экономикадағы қаражат жетiспеушiлiгi және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткiлдерiн шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкiметке теңге түрiнде қолжетiмдi орта және ұзақ мерзiмге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнiнде кешендi шаралар қабылдауды тапсырамын.
Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкiметпен бiрге экономиканың өсуi үшiн де жауапты болуға тиiс.
Үшiншi. Қор нарығын одан әрi дамыту.
Жекешелендiру оның дамуына серпiн беруге тиiс. Мен жоғарыда айтып өткендей, қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының акцияларын орналастыру керек. Халықтың жинаған өз қаражатын ең алдымен түрлi бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкiндiгiн одан әрi арттыру қажет.
Бiз 2016 жылдың соңында заңдастыру науқанын аяқтадық. Оған елiмiздiң 140 мыңнан астам азаматы қатысты. Нәтижесiнде 5,7 триллион теңге, оның iшiнде қаражат түрiнде 4,1 триллион теңге заңдастырылды.
Үкiметтiң мiндетi — бұл қаражаттың экономикаға, соның iшiнде жекешелендiруге қатысу арқылы пайда беруiн қамтамасыз ету. Сонымен бiрге, Қазақстанның жекеменшiк кәсiпорындарының облигация шығарылымдарын субсидиялау мәселесiн пысықтау қажет.
Үкiметке Ұлттық банкпен бiрлесiп, отандық қор нарығын жандандыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырамын.
Келесi шешушi мiндет — салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейiмдеу.
Бiрiншi. Бюджет шығыстарының тиiмдiлiгiн түбегейлi арттыру қажет.
Бiз 2017 жылы мемлекеттiк даму бағдарламаларын қажеттi ресурстармен толықтай қамтамасыз еттiк. Министрлiктер мен ведомстволардың қаражатты игеруiнiң тиiмдiлiгiн тексеру қажет.
Республикалық бюджеттiң 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, Бiлiм және ғылым министрлiктерiнен бастау керек. Оның қорытындысы бойынша маған баяндалсын.
Тиiмсiз бағдарламалардың қаражатын Үшiншi жаңғырту мiндеттерiн iске асыруды қамтамасыз ететiн бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ, қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тезiрек әрi тиiмдiрек жеткiзу үшiн бюджеттiк рәсiмдердi жеңiлдеткен жөн.
Бiз фискалдық орталықсыздандыру саясатын жалғастыруымыз керек. Өткен жылдарда орталықтан жергiлiктi жерлерге көптеген функциялар мен өкiлеттiктер берiлдi. Ендi олардың жеткiлiктi қаржылық дербестiгiн бекемдей түсу қажет. Сонымен бiрге, қаржы шығысы жөнiндегi өкiлеттiктердiң облыстық деңгейде шоғырлануына жол бермеу маңызды. Оларды әрi қарай аудандық және ауылдық жерлерге беру керек. Әкiмдер өңiрлiк және жергiлiктi маңызы бар мәселердi шешуге тиiс, ал Үкiмет жалпымемлекеттiк мәселелерге ден қоюы қажет.
Екiншi. Ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қараған жөн.
Ұлттық қордан алынған кепiлдендiрiлген трансферт көлемi 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиiс.
Салық саясатын бизнестiң «көлеңкеден» шығуына бейiмдеп, шикiзаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек. Қазiргi салық жеңiлдiктерiн оңтайландыру қажет. Жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық режiмiн жаңаша қарастыру керек.
Салықтық әкiмшiлендiру тетiктерi жетiлдiрудi талап етедi. Ең алдымен, мұның қосымша құн салығын жинауға қатысы бар.
Үшiншi. Үкiмет квазимемлекеттiк сектордың сыртқы және iшкi қарыздарына мониторинг жүргiзу мен бақылау жасау жүйесiн қалыптастырып, онда тәртiп орнату керек.
*****
Төртiншi басымдық — адами капитал сапасын жақсарту.
Бiрiншi. Ең алдымен, бiлiм беру жүйесiнiң рөлi өзгеруге тиiс. Бiздiң мiндетiмiз — бiлiм берудi экономикалық өсудiң жаңа моделiнiң орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабiлетiн және өз бетiмен iздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.
Сонымен бiрге, IT-бiлiмдi, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңiл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептерi арасындағы бiлiм беру сапасының алшақтығын азайту қажет.
Үкiметке тиiстi ұсыныстар берудi тапсырамын.
Атап айтқанда, үш тiлдi оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесi бойынша ұсыныстар әзiрленсiн.
Қазақ тiлiнiң басымдығы сақталады. Оның әрi қарай дамуына зор көңiл бөлiнедi. Сонымен қатар, бүгiнде ағылшын тiлi — жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тiлi. Қазiргi кезде 90% ақпарат ағылшын тiлiнде жарияланады. Әрбiр екi жыл сайын олардың көлемi 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тiлiн меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.
2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбiр пәндердi ағылшын тiлiнде оқытатын боламыз. Бұл мәселенi тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет.
Мектептердiң және мұғалiмдердiң деңгейi, әсiресе ауыл мен қалада әртүрлi. Бiлiктi педагогтардың жетiспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескерiп, ағылшын тiлiн кезең-кезеңмен енгiзуiмiз керек.
Тиiстi ұсыныстар берудi тапсырамын.
Менiң бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегiн кәсiптiк-техникалық бiлiм беру» жобасы iске асырыла бастады.
Тегiн оқытумен ең әуелi жұмыссыз және өзiн өзi тиiмсiз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсiптiк бiлiмi жоқ ересек адамдар қамтылуы тиiс. Кәсiптiк бiлiм беру жүйесiнде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндiрiстер үшiн мамандар дайындауға ден қою керек.
Ол үшiн кәсiптiк стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздiк әлемдiк оқу-өндiрiстiк тәжiрибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.
Сонымен қатар, жоғары бiлiм беру жүйесi сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейiне, бiлiм беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтiлуi қажет.
*****
Екiншi. Бiлiм беру жүйесiмен қатар денсаулық сақтау жүйесi де өзгеруге тиiс.
Биылғы 1 шiлдеден мемлекеттiң, жұмыс берушiлердiң, азаматтардың ортақ жауапкершiлiгiне негiзделген мiндеттi медициналық сақтандыру жүйесi (ММСЖ) енгiзiле бастайды. Бұл жүйенiң тиiмдiлiгi әлемдiк тәжiрибе арқылы дәлелденген.
Медициналық сақтандыру жүйесiне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтiк әлсiз топтарының қатысуына мемлекеттiк қолдау көрсетiледi.
Үкiмет қажеттi деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестiктi дамыту үшiн жеке меншiктегi медицина мекемелерiне ММСЖ жүйесi аясында тең жағдай туғызу керек.
Үкiметке және әкiмдерге кең ауқымды ақпараттық-түсiндiру жұмысын жүргiзудi тапсырамын.
Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрi-дәрмектiң бағасын реттеудi енгiзу қажет.
Үшiншi. Әлеуметтiк қамтамасыз ету саласына қатысты.
Менiң тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шiлдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшiн зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейiн арттырылады.
Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шiлдеден бастап жаңа әдiстеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемi зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлiне байланысты белгiленедi.
Осы өсiмнiң барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерiн 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкiндiк бередi.
Елiмiзде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл — 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлiк жоғары. Мұндай жақсы үрдiстi алдағы уақытта да сақтау керек.
Менiң тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шiлдеден бастап бала туғанда берiлетiн бiр реттiк жәрдемақы көлемi 20%-ға өсiрiледi.
Ең төменгi күнкөрiс шегiн де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиiс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берiлетiн атаулы көмек пен жәрдемақы көлемiн 3 миллион адам үшiн өсiруге мүмкiндiк бередi.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтiк көмек көрсету шегiн ең төменгi күнкөрiс шегiнiң 40%-ынан 50%-ға дейiн өсiрiп, оның жаңа форматын енгiзу керек. Бұл ретте жұмыс iстеуге қабiлеттi адамның бәрi тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиiс.
Бесiншi басымдық — институционалдық өзгерiстерге, қауiпсiздiкке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.
Бiрiншi. Үкiмет үшiншi жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжiрибелерi мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуге тиiс.
Екiншi. Бiз жеке меншiктi қорғауға, құқық үстемдiгiне және баршаның заң алдында теңдiгiн қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргiзудемiз. Бұл жұмысты жалғастыру керек.
Үкiметке «Атамекен» ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бiрлесiп, жеке меншiк құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкiл заңнама ревизиясын жүргiзудi тапсырамын.
Сонымен қатар, әкiмшiлiк және қылмыстық заңнаманы iзгiлендiрген жөн. Әкiмшiлiк айыппұлдар әдiлеттi және құқық бұзу деңгейiне сәйкес болуға тиiс.
Кәсiпкерлiк саласында құқық бұзғаны үшiн салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрi жүргiзе беру керек. Қоғамға қауiптiлiгi жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек.
Сот жүйесiне деген сенiмнiң артуына қол жеткiзу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды.
Үшiншi. Қауiпсiздiк ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттiң өлшемiне айналып келедi.
Қазiргi заманда адамзат терроризмнiң белең алуымен бетпе-бет келiп отыр. Бұл ретте деструктивтi күштердi қаржыландыратындарға, шетелдiк террористiк ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргiзу iсi негiзгi мәселе болып саналады.
Дiни экстремизмдi насихаттаудың алдын алу, әсiресе интернет пен әлеуметтiк желiде оның жолын кесу жұмысын жүргiзу керек. Қоғамда, әсiресе, дiни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушiлiктi» қалыптастыру керек.
Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерiнiң мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиiс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершiлiк рухында тәрбиелеу үшiн қосымша қадамдар жасау керек.
Бұл iске мемлекеттiк емес секторды және дiни бiрлестiктердi белсендi түрде тарту қажет.
Осы шараның бәрi менiң тапсырмам бойынша әзiрленiп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Дiни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламада ескерiлуге тиiс.
Киберқылмыспен күрестiң өзектiлiгi барған сайын арта түсуде.
Үкiмет пен Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесiн қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын.
Төртiншi. Бiз елдегi сыбайлас жемқорлық деңгейiн төмендету бағытында елеулi қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбiне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.
Сыбайлас жемқорлықтың себептерi мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет.
Маңызды мәселенiң бiрi — сатып алу саласын жетiлдiру.
Үкiметке мемлекеттiк сатып алу жүйесiн орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгiзудi тапсырамын.
Квазимемлекеттiк секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткiзу әдiстерiн түбегейлi қайта қарастыру керек.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкiл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтiк желiнiң, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруi күрестiң қуатты құралына айналуға тиiс.
Құрметтi қазақстандықтар!
Осы Жолдау арқылы елiмiздiң әр азаматына жаңа жағдайдағы даму бағытымыз жөнiндегi өз көзқарасымды жеткiзгiм келдi.
Үкiметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Елдi үшiншi жаңғырту жөнiндегi 2025 жылға дейiнгi дамудың стратегиялық жоспарын әзiрлеудi тапсырамын.
Бiзде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елiмiздi одан әрi жаңғырту жөнiндегi мiндеттердi орындаудан басқа жол жоқ.
Бiздiң ұлы халқымыз бiрегей тарихи мүмкiндiктi толықтай пайдалана алатынына сенемiн.
Қымбатты достар!
Қазақстан — жас, көп ұлтты, болашағына сенiмдi және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Бiз тәуелсiз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттiк. Алдағы 25 жылда бұдан да биiк белестер күтiп тұр.
Мемлекет құру жолында теңдессiз, мол тәжiрибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенiмдiмiн. Бiздiң басты күшiмiз — бiрлiкте.
Қазақстанды кейiнгi ұрпақ үшiн бұдан да өсiп-өркендеген елге айналдырамыз!
Мақаланың шыққан күні: 02.02.2017
Қаралым саны: 53450
Мекен–жайы:
Көкшетау қаласы, Потанин көшесі, 53 үй
Жұмыс уақыты:
Дс-Жм: 10:00-19:00
Сн: 10:00-18:00
Жк: Демалыс күн
Телефон:
8 (7162) 50-31-21
E-mail:
mbo_gibs_kokshetau@mail.ru