8(7162)50-31-21

Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі» КММ

Бiздiң Қалалық ақпараттық
кiтапхана жүйесiнiң сайтына
қош келдiңiз!

«Кiтап дегенiмiз — алдыңғы
ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған
рухани өсиетi.
Кiтап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан
да тиылар едiк»
Ғабит Мүсiрепов

KÓKShETAÝ QALASYNYŃ QR-ELEKTRONDY KITAPHANASY

«СӨЗ ЗЕРГЕРІ - БЕЛЬГЕР»

Биылғы жылы жазушы, қоғам қайраткері, сыншы, аудармашы, публицист Герольд Бельгердің туғанына  90 жыл толып отыр.Осыған орай «Достар» МС жанындағы қалалық үлгілі кітапханасында «Сөз зергері - Бельгер» атты әдеби кеш өтті. Шараға Шоқан Уалиханов университетінің профессоры, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, әдебиетші ғалым  Сәбит Жәмбек,  ақын, жазушы, қалалық ақпараттық кітапхана  жүйесінің басшысы  Серік Сапарұлы Жетпісқалиев  және  «Арна» жоғарғы колледжінің 1 курс  студенттері қатысты.   «Неміс, қазақ, орыс сөздері үш шектің әуені іспетті. Менің жан жүрегімнің үш пернесі іспетті. Мен оларды бөле алмаймын. Мен үшін олардың бәрі басты, бәрі де негізгі. Олар менің өмірімнің үш белесіндей» деп айтқан жазушы  өзінің шығармашылығымен  ұлтаралық достықты дәріптеп, қазақтың рухани байлығын әлемге танытты. Ұлты неміс, жүрегі қазақ қаламгер Г. Бельгер Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, Ә. Нұрпейісовтің және тағы басқа қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған болатын. Өзі де әдебиет әлеміне неміс, қазақ, орыс тілдерінде 70 жуық кітабын, 2000 мыңнан аса мақаласын аманат етті. Халқымыз «Гераға» деп құрмет тұтқан Герольд Карлович саналы ғұмырында ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетін өркендетуге, қазақ тілінің қарыштап дамуына айрықша үлес қосты. Бала шақтан дала демократиясын бойына сіңіріп өскен қарымды қаламгер ұлт руханиятындағы өткір де өзекті мәселелерді де әрдайым бүкпесіз айтып, қоғамда талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынып отырды. Ең бастысы, жазушы Герольд Бельгер өзінің өмірі мен өнері арқылы бірлігі жарасқан  біртұтас Қазақстан халқын қалыптастыру ісіне қалтқысыз қызмет етті.       Колледж студенттері  Оралова Аяулым,  Серік Гүлім қатысушыларды жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы туралы дайындап әкелген бейнебаянмен  таныстырды.  Әдебиетші ғалым  Сәбит Жәмбек  жазушының еңбектеріндегі И. В. Гете мен Абай Құнанбайұлы шығармалары үндестігі туралы әсерлі әңгімелеп берді. Серік Сапарұлы жазушымен кездесуі туралы,  Герағаның қарапайымдылығы жайлы сөз өрбітті. Шара соңында қатысушылар кітап көрмесіне қойылған жазушының  еңбектерімен танысты.    Герольд Бельгердің өмір жолы – бұл әртүрлі ұлт өкілдерінің бейбітшілік пен ынтымақтастықта өмір сүре алатынын дәлелдейтін үлгі. Оның еңбектері болашақ ұрпаққа ұлттар арасындағы достық пен өзара түсіністіктің маңыздылығын ұғындыра береді. 

Мақаланың шыққан күні: 05.12.2024

Қаралым саны: 188

Біз әлеуметтік желідеміз