8(7162)50-31-21

Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі» КММ

Бiздiң Қалалық ақпараттық
кiтапхана жүйесiнiң сайтына
қош келдiңiз!

«Кiтап дегенiмiз — алдыңғы
ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған
рухани өсиетi.
Кiтап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан
да тиылар едiк»
Ғабит Мүсiрепов

KÓKShETAÝ QALASYNYŃ QR-ELEKTRONDY KITAPHANASY

«Семсер сөзді жанына серік еткен» Ерназар Ыбыраевты еске алу кеші

Көкшетау қалалық қазақ кітапханасының ұйымдастыруымен Көкшенің талантты ұлы Ерназар Ыбыраевты еске алуға арналған «Семсер сөзді жанына серік еткен» кеш болып өтті. Белгілі тұлғаның еске алу кешіне әдебиеттанушы ғалымдар филология ғылымдарының профессоры Сәбит Жәмбек, ақын-жазушы Ерболат Баят, Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшыс Әбдісалыққызы Күнім Уразбаева Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдері, көзкөрген жора-жолдастары, туған туыстары қатысып, Ерназар Советұлының сан қырлы шығармашылығы туралы әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге, кеш барысында жиналған қауым келесі жылы Ерназар Ыбыраевтың 65 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты ұсыныстарын ортаға салып, талқылады. Еске алу кешін ­ҚАКЖ-нің директоры, қаламгер, ақын- журналист Серік Сапарұлы Жетпісқалиев жүргізді.

Іс-шараның басты мақсаты – «Туған өлке» жоба аясында Ерназар Ыбыраевтың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, оның шығармашылық өнерін үлгі-өнеге ету арқылы жастарды ұлттық құндылықтарды сүюге баулу, олардың бойына патриоттық сезімдерді ұялату.

Белгілі қобызшы, журналист, сатирик-жазушы Ерназар Советұлы Ыбыраев 1959 жылы 8 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Аралағаш ауылында өмірге келген. 1976 жылы сол ауылда орта мектепті тәмамдап, 1980 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының қазақ ұлт аспаптары бөлімін бітірген. 1991 жылы Көкшетауға қоныс аударып, Көкшетау облыстық мәдениет басқармасында, Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінде қобызшы, облыстық телерадиокомпаниясында, кейін республикалық «Алаш үні» газетінде журналист, бас редактордың орынбасары болып қызмет істеді. Ерназар алуан түрлі аспаптарда ойнай беретін орындаушы музыкант, асқан талантты қобызшы, сан қырлы талант иесі болатын. 2006 жылы ұлттық өнерімізді насихаттау мақсатымен ол екі рет АҚШ-тың Голливуд, Аризона қалаларында гастрольде болып, олардың оқу орындары, мәдени орталықтары залдарында қазақтың қасиетті қара қобызын тартып, таң-тамаша қалдырды. Қастерлі ұлттық аспабымыз ─ қыл қобызды американдықтарға алғаш таныстырған осы Ерназар болды. Әзіл әңгімелері «Қазақ әдебиеті», «Ара-КZ», «Алаш үні», «Арқа ажары», «Бұқпа!» сияқты газет-журналдарда жарияланып тұрды.

Кеш барысында Ерназар Советұлы Ыбыраевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Жарқ еткен ғұмыр...» атты көрме ұсынылды.

Мақаланың шыққан күні: 11.04.2023

Қаралым саны: 5913

Біз әлеуметтік желідеміз