8(7162)50-31-21

Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі» КММ

Бiздiң Қалалық ақпараттық
кiтапхана жүйесiнiң сайтына
қош келдiңiз!

«Кiтап дегенiмiз — алдыңғы
ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған
рухани өсиетi.
Кiтап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан
да тиылар едiк»
Ғабит Мүсiрепов

KÓKShETAÝ QALASYNYŃ QR-ELEKTRONDY KITAPHANASY

«ЖОҚ ІЗДЕП ЖҮРМІН...»

Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында «Туған өлке» жобасы аясында кешегі сал-серілердің сарқыты, өлкеміздің мақтаныштарының бірі, ақтангер ақын, жыршы-термеші, «Айсары», «Қазақ пен арақ», «Жоқ іздеп жүрмін» сияқты толғаулардың авторы Арман Бердалинмен «Жоқ іздеп жүрмін...» атты кездесу кеш ұйымдастырылды.

Танымал қаламгермен өткен кездесу кешке өз туған өлкесінің талантты тұлғаларын тануға ықылас танытып жүрген электронды кітапхана жанындағы «Темірқазық» әдеби-мәдени ұйымы мен Көкен Шәкейұлы атындағы ақындар мектебінің тәрбиеленушілері және кітапхана оқырмандары қатысты.

Шараның мақсаты: жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, рухани тазалыққа шақырып, терең мағыналы, оқырманға ой салар туындылар жазып жүрген қаламгердің шығармашылығын дәріптеу.

– Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасы жас ұрпақтың туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, оларды туған халқының әдебиетін сүюге тәрбиелеу, сондай-ақ, Көкше өңірінен шыққан тұлғалардың қайраткерлік өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Туған өлке» жобасын қолға алған болатын. Бүгін осы жоба аясында өткізілген кезекті шарамыз айтыс аламандарында атой салып, талай бәсекеде топ жарып, айтыскерлігінен қатар термешілігімен танылған Арман Бердалиннің шығармашылығына арналды.

Іс-шарада қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығы жайлы оқырмандарға мазмұнды мағлұмат берілген кітап көрмесі ұйымдастырылып, бейнесюжет оқырман назарына ұсынылды. Шара барысында Арманның айтыстарынан үзінді көрсетілді. Көкен Шәкейұлы атындағы ақындар мектебінің шәкірті Берденбек Мырзат кеш қонағына арнау өлеңдерін арнаса, «Темірқазық» әдеби-мәдени ұйымының мүшелері ақынның «Жоқ іздеп жүрмін», «Жүрші әке», «Өкініш», «Аллаға мадақ», т.б өлеңдерін жатқа оқыды.

-Мұндай тағылымдық кештердің әсіресе, өскелең ұрпаққа, жастарға тигізер ықпалы зор екендігін айтқым келеді. Себебі, бүгінгі басқосуда қаншама әншейінде ести бермейтін ұлағатты сөздер, терең ойлар, мағыналы сөздер айтылды.- деді ҚАҚЖ директоры, ақын - жазушы Серік Сапарұлы.

Шара барысында кеш қонағы үлкен сахнаға қадам басқан сәтінен бастап, өнердегі өз естеліктерімен бөлісіп, жастардың қойған сауалдарына жауап берді. Тағылымды кешке арқау болған әсерлі әңгіме, сырлы сұхбат, орамды ойлар талай жанға рухани азық болары сөзсіз.

Мақаланың шыққан күні: 11.12.2023

Қаралым саны: 3301

Біз әлеуметтік желідеміз