8(7162)50-31-21

Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі» КММ

Бiздiң Қалалық ақпараттық
кiтапхана жүйесiнiң сайтына
қош келдiңiз!

«Кiтап дегенiмiз — алдыңғы
ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған
рухани өсиетi.
Кiтап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан
да тиылар едiк»
Ғабит Мүсiрепов

KÓKShETAÝ QALASYNYŃ QR-ELEKTRONDY KITAPHANASY

«ЖҰРТЫНЫҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАҒАН...»

Жаңа кітап

                        Жұртының жоғын жоқтаған...

Алматыдағы «Отбасы» баспа үйінен биыл шыққан С. Керімбай мен Ә.Нәбидің «Өзбекәлі және мәдени майдан» деп аталатын кітабына жастардың ықыласы зор. Бүгінгі «Жастар кітап оқимай кетті. Бар ойлары ұялы телефонда» деген ойға мүжіліп жүргенімізде олардың мұндай құлшыныс танытуы елең еткізерлік оқиға. Жақында Көкшетаудың «Достар» мәдениет сарайында Санжар Керімбайдың қатысуымен өткен тұсаукесерде көрермен залының лық толуы да осы сөзіміздің айғағы.

Тұсаукесер кешін қалалық Электронды кітапхана жанындағы «Темірқазық» жастар клубы ынта-шынтасымен ұйымдастырыпты. «Сүйреп қосқан тазы қоян алмайды» демекші, әшейінде үлкен жиындарға жастарды күштеп әкеліп, міндеттеп отырғызып, олар зерігіп, қалғып-мүлгіп, немесе, ұялы телефондарына үңіліп кететін. Бұл жолғы көрініс басқаша. Үстеріне ұлттық киімдерін киіп, қызыл кілемдерін жайып, қолдарына қара домбыраларын алып, арнауларын дайындап келіпті. Көз сүйсініп, көңіл қуанды. Жастар ұлттық өнер, ұлттық-салт дәстүр үшін айқасып өткен Өзбекәлі аталарына құрметтерін осылай паш еткендей.

Санжар Керімбай кітап желісін желдірте баяндап, сөзін фотосуреттермен әспеттеп, арасына ойын-күлкісін қосып әңгіме өрбітті. Өзбекәлідей ұлт үшін отқа да, суға түскен азаматтың басынан өткен небір оқиғаларды тебірене айтты. Ішінде бұрын біз әртүрлі баспасөз беттерінен, өз жазбаларынан оқыған дүниелеріміз де бар, ешқашан естіп-білмеген жағдайларымыз да жеткілікті. Автор оның көзін көрген, қызметтес болған, қамқорлығын сезінген жандарды іздеп жүріп сұхбаттасыпты. Бұл жағдаят кітаптың құнын арта түскені сөзсіз. Азаматтың ұлтқа, ел-жұртқа қалтқысыз қызметі, іскерлігі мен алғырлығы, ерекше ұйымдастыру қабілеті, батылдығы мен тазалығы қайран қалдырады. Оның бәрі құр суреттеу, ақтарыла жазумен емес, өнер адамдарының аузынан жазылып, ұсынылады.

Сондай-ақ, кітапта Ғани Мұратбаев, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров сияқты ұлт мақтандары туралы да айтылады.

Ең бастысы, жастарға өмірдің мәні, елге, ұлтқа қызмет, адалдық пен әділдік туралы пайымдар түсіндіріледі.

Автордың бүгінгі жастар психологиясына жетіктігі, оларды қызықтырып, тыңдата алуы, жалықтырмауы тәнті етті. Сенсеңіз әп сәтте неден болсын зерігіп кететін жастар үш сағат бойы Санжарды селт етпей тыңдады. Сөйтіп, ұлтының тарихы, оны сақтап қалу жолындағы тұлғалар жөнінде деректерге қанығып, ұлағатты әңгіме естіді. Оларды басқа басқа, дәл осы кітапты оқитындарына кәміл сендік.

Серік Жетпісқалиев,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Мақаланың шыққан күні: 17.02.2024

Қаралым саны: 560

Біз әлеуметтік желідеміз