23 сәуір – Ұлттық кітап күні. Аталмыш мереке Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді.
«Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» – деді Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде. Қаулы 2024 жылғы 16 шілдеден бастап қолданысқа енді. Биыл алғаш рет тойланып отыр. «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана» — деп Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпақшы, кітап —жансарайыңды байытар жалғыз қазына. Иә, Қазақстанның мерекелік күнтізбесі тағы бір жаңа мерекемен толығып отыр. Енді жыл сайын 23 сәуірде Ұлттық кітап күнін атап өтетін боламыз.
Ұлттық кітап күні озық ойлы ұлтқа айналдырады. Аталмыш мерекеге орай Көкшетаудағы Электронды қалалық кітапханада «Кітап жансыз, бірақ шынайы дос» тақырыбында «Кітапхана түні» өтті. Мұндағы мақсат – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастырып, озық ойлы мемлекетке айналу. Оның төте жолы кітап оқу десек, кітап оқуға ынтаны арттыру үшін өткен шараның ықпалы зор болмақ. Бұл игі шара кітапқұмар оқырманның көбеюіне әсер етері сөзсіз.
Электронды қалалық кітапхана төріне жиналған оқырмандар түнгі кітапхананың әдемі көрінісіне тәнті болды. Ұлттық киімдегі кітапханашылар, түрлі жанрдағы кітаптар, музыкалық атмосфера, брайл жүйесімен жазылған кітаптар, кофе — брейк, домбыра мен гитара арқалаған жастар т.б. элементтер кештің шырайын енгізді.
Кітапхана төріне жиналған студент — жастар, оқушылар, оқырмандар өздерінің сүйікті кітаптарын, кітап ішіндегі ойды, кейіпкерлерді жарыса баяндап, сол кітаптың өміріне, қоғамға қалай әсер еткені жайлы ой бөлісті. Бірлік қалалық үлгілі кітапханасының ұжымы Ахмет Байтұрсынұлына арнап көрме қойып, сахналық көрініс ойнаса, Қазақ қалалық үлгілі кітапханасы Абай бұрышын таныстырып, бала Абай мен әжесінің образын сомдады. Басқа кітапханалар да өз өнерлерін ортаға салды. «Темірқазық» әдеби — мәдени клубының мүшелері белгілі қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып, осы уақытқа дейін Электронды қалалық кітапханада өткен кітап байқаулары, кітап оқу марафондары, кітап талқылаулар жайлы ойларын ортаға салды. Қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен жас ақын Берденбек Мырзат арнау айтып, күй шертіп, әннен маржан түзді. «Гүлдер-ай» әжелер тобы да ән айтты.
Электронды қалалық кітапхананың меңгерушісі
Қыстаубай Нұрлан Олжабайұлы
Мақаланың шыққан күні: 24.04.2025
Қаралым саны: 927
Мекен–жайы:
Көкшетау қаласы, Потанин көшесі, 53 үй
Жұмыс уақыты:
Дс-Жм: 10:00-19:00
Сн: 10:00-18:00
Жк: Демалыс күн
Телефон:
8 (7162) 50-31-21
E-mail:
mbo_gibs_kokshetau@mail.ru